Жаңалықтар

Сулы батпақты жерді қорғау күні

Ақпан айының басында №4 мектеп-интернатында «НПО ЭКОШ» әлеуметтік серіктестік бойынша сулы батпақты жерлерді қорғау күніне арналған әдеттен тыс экологиялық мереке  өтті.

Батпақты жерлерде тұщы судың қоры өте көп болады деген ғалымдардың айтқан тұжырымын әркім біле бермейді.

Рамсар Конвенциясыбойынша Іле өзенінің жағалауы және Балқаш көлінің оңтүстік жағы Қазақстанда дүние-жүзілік сулы-батпақты аймақ болып саналады.

Табиғатты қалай сақтау керек? Бәрі де өзімізге байланысты, табиғатты қорғау, өз үйімізді қорғау жауапкершілігін мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап дамыту қажет.

Экологиялық мерекені бастамастан бұрын оқушылардың қызығушылығын арттырған 9 сынып оқушысы Құбылтай Есеннің «Суда жүзетін құстар» атты жеке көрмесі болды. «Құстар – табиғаттың бір бөлігі» атты іс – шара жарыс ретінде өтіп, ешкімді селқос қалдырмады.

Мерекеге №10 және №1 жалпы білім беретін орта мектептерінің экологиялық – үйірме мүшелері мұғалімдерімен бірге және жобаны ұйымдастырушы Страшко Л.К. қонақ ретінде шақырылды. №4 мектеп – интернатындағы «Інжу» экологиялық үйірмесінің жетекшісі  Кайшманова Алма Кожаевнаның ұйымдастыруымен өткізілген кеш қызықты өтті.

Топтар «Өзін – өзі таныстыру», «Жұмбақтар», «Қызыл кітап беттерінен», «Пантомима», «Балалардың жобаларын қорғау», «Мақалдар мен мәтелдер», «Капитандар жарысы», «Құстарды дыбысынан таны» сияқты  жарыстардан сүрінбей өтті. Жарыс үйірмеге қатысушылардың қолымен жасалған «Қызыл кітаптың» ашылуымен аяқталды. Соңында «Құстар әні» шырқалып, жеңімпаздар марапатталды.

№10 мектептің «Фламинго» тобы біздің тәрбиеленушілерге алғыс ретінде «Тоқ құстар қыстан қорықпайды!» ұранымен сахналық қойылым көрсетті. Далада аспанға шарлар ұшырылып, «Құстар, өмір сүре беріңдер!» деген тілек айтылды.